Ссылки доступа

Тәжікстанның бұрынғы ішкі істер министрі 24 маусымда бостандыққа шығуы керек


Отанын сатты деп 15 жылға бас бостандығынан айырылған Тәжікстанның бұрынғы ішкі істер министрі Якуб Салимов 24 маусымда бостандыққа шығуы тиіс.

Тәжікстан әділет министрлігінің жазаны орындау бас басқармасындағы дереккөздің 1 маусымда хабарлағанындай, экс-министр, Тәжікстанның Түркиядағы бұрынғы елшісі, Халықтық майданның ең беделді қолбасшыларының бірі және президент Эмомали Рахмонның 1992-97 жылдардағы азаматтық соғыс кезіндегі сенімді серіктесі болған Якуб Салимовтың жазасын өтеу мерзімі 23 маусымда аяқталады. Сол күні оны түрмеден шығармақ.

Бұл жаңалық тәжікстандықтардың үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Себебі өткен жылы Бас прокуратура Салимовты 2015 жылдың жазында шығады деген. Ал биылғы жылдың басында әділет министрі Рустами Шохмурод Салимовтың жаза мерзімі ұзартылмағанын, уақытында бостандыққа шығарылатынын айтқан.

Бұрынғы ішкі істер министрі 1997 жылдың сәуір айында Худжанд қаласында президент Рахмонды қастандықтан құтқарып қалған. Бірақ сол жылы оған елге әскери төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды деген айып тағылғаннан кейін, елден қашып кеткен. Алайда 2003 жылы Тәжікстан билігінің сұрауы бойынша Ресейде тұтқындалып, Душанбеге экстрадицияланғаннан кейін, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. 2012 жылы рақымшылық заңына қатысты оның жаза мерзімі екі жылға қысқарған. 2014 жылғы соңғы рақымшылыққа байланысты ол жазасын бір жыл үш ай өтеуі керек болған.

XS
SM
MD
LG