"Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл ұйым туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ешқандай тексерістер де жүріп жатқан жоқ" деді министрліктің ресми өкілі Алмас Садубаев.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та "Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылды "Қазақстанды азат ету армиясы" атты топтың мойнына алғаны" туралы мәлімет тараған еді.
6 маусым күні Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов "Қазақстанды азат ету армиясы" туралы сұраққа түсініктеме бере алмайтынын айтқан.
Өткен жексенбіде Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан барлығы 21 адам мерт болды. Олардың 13-і - шабуыл жасады деген күдіктілер, сегізі - бейбіт тұрғындар. Қазақстан билігі шабуыл жасағандар "радикалдық діни топ жақтастары болуы мүмкін" деген болжам айтады.
Шабуылдан соң Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің ең жоғарғы "қызыл сызығы" деңгейі жарияланған. Ал 6 маусымда Қазақастанда 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің "сары деңгейі" жарияланған.