Ссылки доступа

ІІМ: Ақтөбеде жағдай тұрақталды


Ақтөбедегі жағдай тұрақталып, барлық мекемелер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр деп мәлімдеді бүгін Астанада ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Ақтөбедегі жағдай туралы журналистерге берген қысқа сұхбатында министр қаладағы террорлық қауіп-қатер деңгейі жоғарғы "қызыл" деңгейден орташа "сары" деңгейге төмендетілгенін айтты. "13 маусымнан бастап құқық қорғау органдарының күшейтілген жұмыс тәртібі жеңілдеді, Ақтөбеге жұмылдырылған барлық арнайы бөлімдер өз орналасқан жерлеріне қайтты" деді Қасымов.

Оның сөзінше, Ақтөбедегі шабуылдарға қатысты қылмыстық тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бас прокуратура жүргізіп жатыр.

Ақтөбеде 5 маусымда жасалған қарулы шабуылдардан төрт бейбіт тұрғын мен үш әскери қызметкер қаза тапқан. Шабуылға байланысты терроризмге қарсы операция жүргізіліп, ол 12 маусымда аяқталған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмысқа күдікті 9 адам ұсталып, 18-інің көзі жойылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG