Ссылки доступа

Қырғыз парламенті "БАҚ туралы" заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады


Заң жобасының мақұлдануына 109 депутаттың 79-ы жақтап дауыс берген. Құжат шетелдік ұйымдардың және шетел азаматтарының Қырғызстандағы БАҚ-қа құрылтайшы болуына рұқсат бермейді, сонымен бірге шетелден қаржыландырылатын ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салады.

Бұған дейін заң жобасы авторларының бірі Кожобек Рыспаев өзгерістер тек телеарналарға ғана қатысты деген. "Біз бәріміз ақпараттың күші туралы айтамыз, ақпараттық соғыс дейміз. Заң жобадағы өзгерістер тек телевизиялық БАҚ-қа қатысты, себебі бұл үлкен күш. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша телеарнаның ықпалы 90 пайыз. Біздің заң жоба Қырғызстанның ұлттық қызығушылықтарын қорғауға арналған", - деген депутат.

Депутат Аида Салянова парламенттің жалпы отырысы кезінде БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізудің қажеті жоқ деді. "Заң жобасында дәлсіз тұстар өте көп. Ұсынып отырған құжатты Азаттықпен байланыстырады. "Азаттық" ешқашан ұлттың қауіпсіздігіне қауіп төндірген емес. Керісінше, "Азаттық" шындықты айтады, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзінің үлесін қосып келеді. Біз радионың қызметінің тек пайдалы жағын көріп отырмыз", - деді Салянова.

Жогорку Кенештің "Ата Мекен" фракциясының депутаты Наталья Никитенко заң жобасы Конституцияға сәйкес келмейтінін айтып, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды деді.

Бірқатар депутаттардың заң жобасындағы кемшіліктерді атап өткеніне қарамастан, депутаттардың басым бөлігі құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

XS
SM
MD
LG