Ссылки доступа

Түркияда Тәжікстанның Ислам партиясы белсендісі босатылды


Тәжікстанда тыйым салынған Исламның жаңаруы партиясының Хатлон облысы бөлімшесінің жетекшісі Камариддин Афзали 28 маусымда Стамбул абақтысынан босап шыққан.

Афзалидың туыстары 29 маусымда түріктің тиісті органдары оның құжаттарын тексеріп, бәрі дұрыс болғандықтан босатты деп хабарлайды.

Шетелде тіркелген тәжік оппозициясының жаңалықтар сайты оны Душанбенің сұрауы бойынша ұстағанын, 70 тәулік бойында абақтыда отырғанын жазады. Дереккөздің хабарлауынша, Камариддин Афзали құжаттарын ресми тіркету үшін жергілікті билікке тапсырған кезде ұсталған. Бірақ әлі күнге дейін Камариддин Афзалидың ұсталғаны мен босатылғаны туралы ақпарат жайында не тәжік билігі, не түрік билігі ресми түсініктеме бермей келеді.

Камариддин Афзали Тәжікстандағы Исламның жаңаруы партиясына ресми тыйым салынғанға дейін партияның Хатлон обласы бөлімшесін басқарған әрі саяси кеңестің мүшесі болған. Кейін жаппай тұтқындаулар орын алған соң, ол Түркияға қашып кеткен.

2015 жылдың қыркүйек айында Тәжікстанның қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзода бүлік шығарды деп, оны ұстау операциясы кезінде 40 адам қайтыс болды. Бас прокуратура Ислам партиясын бұл оқиғаны қаржыландырды деп айыптады. Кейін Жоғарғы сот партияны террористік ұйымның қатарына енгізіп, қызметіне тыйым салды. Сол айда партияның саяси кеңесінің 14 мүшесі тұтқындалды. Тәжікстанның Жоғарғы соты үстіміздегі жылдың 2 маусымында 14 адамға қатысты үкім шығарды.

XS
SM
MD
LG