Ссылки доступа

Душанбе: тәжік азаматтарының Стамбулдағы терактіге қатысы жоқ


Министрліктің баспасөз қызметі мұндай мәліметті түркиялық бір ғана жекеменшік басылым келтіргенін және Түркия билігі оны растамағанын айтады. "Аталған БАҚ бақылау камерасына түсіп қалған жанкештінің суретін ғана жариялады. Бірақ бұл олардың Тәжікстан азаматы екенін білдірмейді" деген министрлік мәлімдемесінде.

Сыртқы істер министрлігі Тәжікстанның Стамбулдағы бас консулы бүгін Milliyet басылымының редакциясымен кездесіп, мұндай ақпаратты қайдан алғанын анықтайды дейді.

Milliyet бүгін 28 маусымда Стамбулдың халықаралық Ататүрік атындағы әуежайында болған жарылыстарға үш тәжік жанкештісінің қатысы бар деп жазған. Басылымның мәліметінше, жанкештілер әуежайға таксимен жеткен. Басылым материалында бақылау камерасынан алынды деген суреттер жарияланған. Бірақ жанкештілердің қандай топқа қатысы бары айтылмайды.

Түркия билігі кеше Стамбулдағы жарылыстарды экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы жасауы мүмкін деп мәлімдеген. Бірақ әзірге ешкім терактіні мойнына алған жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, теракт салдарынан 42 адам қаза тауып, 230 адам жараланған.


XS
SM
MD
LG