Ссылки доступа

Ресейлік саяхатшы әуе шарымен жаһанды аралауға ұшып кетті


Ресейлік саяхатшы Федор Конюхов әуе шарымен дүниежүзін аралауға аттанды. Ол Аустралиядан ұшты. Екі аптаның ішінде 33-35 мың шақырымды кесіп өтуді жоспарлайды деп хабарлайды ТАСС.

Саяхатшы 5-10 шақырым биіктікте Тынық мұхиты, Оңтүстік Американың оңтүстік шеті, Атлант мұхиты, Оңтүстік Африка республикасы және Үнді мұхитының үстінен ұшады. Конюхов 2002 жылы әуе шарымен ұзақ уақыт жер бетін аралауда рекордтық деңгейге жеткен америкалық ұшқыш Стив Фоссеттің жолымен жүрмекші. Ол жоспарлаған маршрутын екі аптадан кем уақытта ұшып өткен.

Конюховқа арнап әуе шарын Cameron Balloons компаниясы жасаған. Бұл компания кезінде Фоссетке де демеулік еткен. Бірақ ресейлік саяхатшыға арналған әуе шарының бірнеше жаңа технологиялық мүмкіндіктері бар екен.

Федор Конюхов осы уақытқа дейін Солтүстік және Оңтүстік полюстерді қосқанда қырықтан астам жерге саяхаттаған. 2005 жылы маусым айында Конюхов 27 метрлік яхтамен 188 күн бойында әлемді жалғыз жүзіп аралаған.


XS
SM
MD
LG