Ссылки доступа

Атамбаев БҰҰ сарапшыларын Асқаров ісі бойынша сот процесіне қатысуға шақырды


«Мен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімімен таныстым. Онда Асқаровты босату емес, оның құқықтарын қалпына келтіру, сотқа дейінгі тергеуде заң бұзылғаны туралы айтылады», - деді Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Германия канцлері Ангела Меркельдің Бішкекке сапарының нәтижелері жөніндегі баспасөз мәслихатында.

«Сот органдары бөлімінің меңгерушісі кеше маған есеп беріп, Шу облыстық соты Асқаровтың ісін қайтадан әділ қарайтынын айтты. Істің барлық жай-жапсары ескеріледі. Бұл жұмыстар жарты ай, жыл, екі жылға созылса да, іс бүге-шүгесіне дейін қайта қаралатын болады. Оны босату туралы шешім жоқ. Шешімде заң бұзылғаны, түрмеде азапталғаны, тергеу мен соттың шешіміне қысым болғаны жазылған. Сол себепті сот, БҰҰ комитетінің шешімін, Қырғызстан Конституциясын ескере отырып, істі қайта қарап шығады», - деді президент.

Атамбаев БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунға хат жолдап, шешім қабылдаған барлық 12 сарапшыны осы сот процесін бақылауға шақырғанын айтты. Бішкек комитет сарапшыларын күтіп алып, процесті бақылауға жағдай жасап беруге әзір.

Естеріңізге сала кетейін, Жоғарғы сот 12 шілдеде Асқаров ісіне қатысты бұған дейін шығарылған барлық сот үкімдерінің күшін жойып, істі Шу облыстық сотына қайта қарауға жолдады. Сот процесі кезінде Асқаров қамауда отырады.

Әзімжан Асқаров Жалалабад облысының Базар-Қорған ауданында адам құқығын қорғау ісімен айналысқан. 2010 жылғы маусым оқиғасы кезінде ол қырғыздар мен өзбектердің қақтығысын ұйымдастырған, милиция қызметкерін өлтіруге қатысқан деген күдікпен ұсталды. Барлық сатыдағы соттар оны өмірлік түрме жазасына кесу туралы үкім шығарған еді.

XS
SM
MD
LG