Ссылки доступа

«12 жылдық үміт» фильмі Тәжікстандағы балалар некесін сынайды


12 шілдеде Душанбеде алғаш рет көрсетілген «12 жылдық үміт» фильмі Тәжікстандағы жас балалардың некесін сынға алған. Фильмде Фаришта есімді қыздың өмірбаяны көрсетілген. Фариштаны әке-шешесі мектеп бітіре салысымен күйеуге береді, бірақ жас қыздың бағы ашылмады.

Туынды режиссері Мухиддин Музаффардың айтуынша, осы фильм арқылы олар отбасындағы азаптаулар мен кейбір енелердің «мінезін» көрсеткісі келген. «21 ғасырда да қыздарымыз күңшілікке түсіп қалып жатыр. Бірақ әйел заты өз тағдырына иелік ете алатын жеке тұлға болуы керек», - деді режиссер.

Музаффардың пікірінше, қазір көптеген әйелдер білімі таяз болғандықтан, балаларына да дұрыс тәрбие бере алмай отыр, сол себепті олардың болашағы қоғамның «бас ауруына» айналады. «Біздің қоғам, балаларымыздың келешегі аналарымыздың тұлғалық қасиеттері мен ақыл-парасатына байланысты. Қыздарымыз отбасын құруы керек, бірақ олардың білімі болуы да қажет. Бұл жағы біздің қоғамда әлі де өзекті болып тұр. Фильм қыздарының білім алуын қаламайтын ата-аналарға қарсы шығады», - деді ол.

Мелодрама режиссері басты кейіпкердің жеңісімен аяқталатынын айтты. Фариштаның күйеуі ұзақ уақыт Ресей түрмесінде отырып шыққан соң, олар ажырасып кетеді. Бірақ, кейін фильмнің кейіпкерлері психологтың кеңесіне құлақ асып, қайта қосылу үшін білім алумен шұғылданады.
Фильм продюсері Дилошуб Орифзоданың айтуынша, фильм болған оқиға желісімен түсірілген. Оның айтуынша, фильм түсіру қарсаңында отбасылық азапты басынан өткерген 40 шақты әйелдің тағдырларымен танысқан. Фильм сценарийі осы оқиғалар желісімен жазылған.

XS
SM
MD
LG