Ссылки доступа

Өзбекстанда әкімдер диқаншы өнімін күшпен тартып алды


Қашқадария облысындағы Яккабаг ауданында астық өткізу жоспары толық орындалмағанына байланысты, жергілікті билік диқаншылардың төл өнімін тартып ала бастады. Аудан әкімінің бұйрығы бойынша, тұрғындар еккен егінді, милиция қызметкерлерінің қатаң бақылауымен, комбайнмен орып алып жатыр.

Жергілікті билік бір аптадан бері Қашқадария облысындағы Самок, Бешкапа, Мунжир, Новкишлок, Ширинбулок және Сероб ауылдарының тұрғындары еккен егістікті тартып алып үлгерген.

«Озодликке» Яккабаг ауданындағы дереккөзінің хабарлауынша, жергілікті билік халықтың астығын күшпен тартып алу үшін қырық шақты милиция қызметкерін шақырып, алты комбайн шығарған.

«Мұндай сұмдық бұрын-соңды болған емес. Әкімшілік халықты ашықтан-ашық тонай бастады. Олар халықтың маңдай термен еккен астығын тартып алып жатыр. Олардың егістікке түсірген алты комбайны тұрғындардың астығын тез арада жинап алды. Қарсы шыққандарды милиция қызметкерлері күш көрсетіп, ұрып-теуіп, бронды машинаға тиеп тастайды. Егіс толық жиналып болған соң ғана босатады», - деді куәгер.

Жаңбырдың аз түсуіне байланысты, биыл өзбек диқаншылары астық жоспарын толық орындай алмады.

Әр ауданнан диқаншылардың шамамен 10-15 пайызы ғана жоспарды атқарып шыққан. Әкімдер жоспарды кез-келген жолмен толтыруды талап етіп отыр.

Жақында Наманган облысының әкімі бақша шарушылығымен, жүзім өсірумен айналысатын шаруаның әрбір гектар жеріне 500 келі астық өткізуді бұйырған. Амалы қалмаған бақташылар астықты нарық бағасымен базардан сатып алып, оны ең арзан бағамен мемлекетке өткізуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG