Ссылки доступа

Алматыдағы атыста үш полиция қызметкері қаза болды


Алматы қаласының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы маңында болған атыстан кем дегенде үш полиция қызметкері және бір қала тұрғыны қаза болды. Бұл туралы Қазақстан ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. Қылмыскер қолға түсті.

Министрлік мәліметі бойынша, 18 шілде күні сағат 11 шамасында аудандық полиция басқармасына кіруге талпынған қылмыскер кезекші полиция қызметкерін оқпен жаралап, оның автоматын алып қашқан.

Артынан түскен «Боран» полиция экипажына оқ ашқан қылмыскер тағы екі полиция қызметкерін жаралаған. Қылмыскерді ұстау кезінде екі полиция қызметкеріне оқ тиді. «Жараланған полиция қызметкерлерінің үшеуі қайтыс болды», деп хабарлады ІІМ.

Бұған қоса, қала тұрғынының автокөлігін тартып алуға талпынған қылмыскер жүргізушіні сол жерде атып өлтірген. Министрліктің мәліметі бойынша, қарулы шабуыл жасаушы Қызылорда облысының бұған дейін сотталған 27 жастағы тұрғыны. Ол өткен демалыс күндері кісі өлтірген деген күдікке ілінген.
Алматыда «Сирена» шұғыл жоспары жарияланды. Полицияның барлық қызметкері қолға түскен қылмыскердің сыбайласын іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Қаладағы маңызды нысандарда қауіпсіздік күшейтілді.

XS
SM
MD
LG