Ссылки доступа

ІІМ: Алматыдағы шабуылдарды жалғыз адам жасады


Қауіпсіздік кеңесінің Астанада өткен отырысында Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымов Алматы қаласындағы атыстың жәй-жапсарын баяндап берді. Шабуылдан соң қалада террорлық қауіптіліктің ең жоғарғы – қызыл деңгейі енгізілді.

Қасымовтың мәліметінше, дүйсенбі күні жергілікті уақытпен 10 сағат 54 минутта тапанша ұстаған ер кісі Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының ғимаратына кіріп, күзетшіні екі рет атып жаралап, оның автоматын тартып алады.

Одан соң, Қасымовтың айтуы бойынша, шабуыл жасаушы кезекшілік бөлімге және полиция басқармасы ауласындағы адамдарға қарсы бірнеше мәрте оқ атады, соның салдарынан төрт полиция қызметкері жараланып, бұрын ішкі істер органдарында істеген тұрғын оққа ұшты. Министрдің мәліметінше, одан соң көшеге қашып шыққан қарулы күдікті машина тоқтатып, көлік жүргізушін Байзақов көшесіндегі ҰҚК департаментінің ғимаратына қарай жүруге мәжбүрлейді, ол ізіне түскен полиция патруліне оқ атады.

ҰҚК ғимаратына жеткен қылмыскер автокөліктен шығып, тағы бір патруль автомашинасына оқ жаудырады. Сол жерде екі полиция қызметкері жараланды, деді Қасымов. Басқа бір автокөлікті тоқтатқан күдікті қала орталығына дейін жетіп, жол торауылдап тұрған полиция кезекшілерімен атысады. Бір полиция қызметкері атыс кезінде қаза болды, екінші полиция қызметкері күдіктіні жаралап, оны қолға түсіреді.

Қасымовтың мәліметі бойынша, ұсталған екінші адам қарулы күдіктіні алып жүруге мәжбүр болған көлік жүргізушісі болып шықты.
Қасымовтың айтуынша, полиция басқармасы және ҰҚК департаменті ғимараттарына шабуыл жасады деген күдікпен қолға түскен кісі бір әйелді өлтірген болуы мүмкін.

Полиция мәліметі бойынша, дүйсенбіге қараған түні, 18 шілдеде күдікті таксиде отырған әйелді тапаншамен атып өлтіріп, автотаксиді алып қашқан. Дәл сол тапаншаны ол Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына шабуыл жасағанда қолданған.

ҰҚК төрағасы Владимир Жұмақановтың хабарлауынша, күдікті Руслан Кулекбаев 1990 жылы Қызылорда облысында туған.

XS
SM
MD
LG