Ссылки доступа

Алматыдағы мекемелердің көбі қайта ашылды


Алматыда бүгін көптеген ұйымдар мен білім мекемелері қайта жұмыс істей бастады. Дүйсенбі күні түстен кейін қаладағы сауда орталықтары мен базарлар, банк бөлімшелері жабылып қалған еді. «Қазпошта» компаниясының бөлімшесі белгісіз уақытқа жабылғаны туралы хабарланды.

18 шілде күні түске жақын қалада террористік қауіптіліктің ең жоғарғы деңгейі («қызыл») жарияланса, кешке антитеррорлық операция аяқталған соң, ол орташа («сары») деңгейге қайта түсті. Қазақстанның ішкі істер министрлігі дүйсенбі күні кешкісін Алматы қаласында жағдай «тұрақты және құқыққорғау органдарының бақылауында» деп мәлімдеді.
Қарулы шабуылдан полицияның үш қызметкері және екі бейбіт тұрғын қаза болды. Шабуыл жасады деген күдікпен бір адам ұсталды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқиғаны теракт деп атады.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Алматыдағы банк бөлімшелерінің көбі қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Кеше түстен кейін жабылып қалған сауда орындары да қайта ашылды.

Қаладағы бірнеше қару-жарақ дүкені қайта ашылды. «Қорамсақ» қазақстандық қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катновтың «Қазақпарат» агенттігіне айтуынша, қауіптіліктің «сары» деңгейі кезінде қару-жарақ дүкендері жұмыс істей береді.

XS
SM
MD
LG