Ссылки доступа

Тәжік салафиттерінің көсемі сегіз жылға түрмеге отырды


Душанбедегі аудандық сот тәжік салафитшілерінің көсемі Мұхаммади Рахматуллоны сегіз жылға түрмеге отырғызды. Озоди радиосының хабарлауынша, үкім өткен аптаның соңында шығарылған. Рахматулло экстремистік қауымдастық құрды деген айыппен сотталды.

Сотталушының адвокаты Толиби Сангин сот үкімімен келіспейтінін, соттың жоғарғы сатысына шағымданатын мәлімдеді.

Рудаки ауданының 43 жастағы тұрғыны Мұхаммали Рахматулло биыл ақпан айында қамауға алынды. 2011 жылы ол Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінің шариғат факультетін аяқтап, елге оралды. Осыдан он жыл бұрын Тәжікстанда «Салафия» қозғалысының ықпалы күшейіп тұрған кезде, Рахматулло елдегі дәстүрлі дін өкілдерімен пікір-таластарда салафитшілердің бас насихатшысы болды. Ол өзін тәжік салафитшілерінің көсемі ретінде таныстырды.

2009 жылы Тәжікстанда «Салафия» діни қозғалысына тыйым салынған соң, Рахматулло көпшілік алдына көп шықпай кетті. Өткен жылы қаңтарда оның ұсталғаны туралы ақпарат тараған уақытта, елдің құқыққорғау органдары бұл мәліметті растамаған еді. Елдің ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода өткен жылы қозғалыстың бірқатар белсендісі қамауға алынғанын мәлімдеді, бірақ олардың арасында Рахматуллоның бар-жоғын анықтап айтпады.

XS
SM
MD
LG