Ссылки доступа

Назарбаевтан Матаев ісін бақылауға алуын сұрады


Қазақстандағы қоғам белсенділері президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың жағдайына байланысты үндеу жолдады. Үндеу авторлары Матаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу барысын бақылауға алуын президенттен сұрады.

Әнші Бибігүл Төлегенова, ақын Олжас Сүлейменов және Мұхтар Шаханов, «Әділ сөз» журналистерді қорғау қорының жетекшісі Тамара Калеева, қаржыгер Ораз Жандосов, әртіс Асанәлі Әшімов, жазушы Мұрат Әуезов, режиссер Ермек Тұрсынов және басқа да қоғам қайраткерлері осы үндеуге қол қойған.

Олар тергеу, прокуратура және соттың әрекеттеріне баға бермейтіндерін айта келе, «Матаевтың кінәлі еместігін дәлелдеп шығатынына күмән келтірмейтіндерін» жазған. Матаев тағылған айыптармен келіспейді, абыройы мен беделін сотта дәлелдеуге дайын, делінген үндеуде.

Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үй қамауында отыр. Наурыздың аяғында оның ұлы Әсет Матаевты да үй қамауына алды. Әуелі оларды аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру, аса ірі көлемде салық төлеуден жалтаруға қатысы бар деп айыптады. Матаевтар бұл айыптарды жоққа шығарды.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевты қорғау комитеті қылмыстық істегі айыптаулардың ауырлай түскенін, енді оған қызмет бабын асыра пайдалана отырып, сенімді теріс пайдалану қылмысына қатысты айыптар тағылғанын хабарлады. Әсет Матаевтың ісінде де дәл осындай шешім қабылданған.

XS
SM
MD
LG