Ссылки доступа

Ереванда полиция наразы топты қуып таратты (видео)


Ереванда бейсенбі күні таңертең полиция қаладағы күзет қызметі полкінің ғимараты алдына жиналған наразы топты күшпен таратты. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық радиосының Армян қызметі хабарлады. Полк ғимаратын 17 шілдеде «Құрылтайшы парламент» қозғалысының қарулы жақтастары басып алған еді.

Тарату операциясын бастамас бұрын, полиция ереуілге шыққандарға ескерту жасады. «Новости - Армения» ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, құқыққорғау органдарының қызметкерлері арнайы құрылғылар пайдаланбаған. Бірақ нақтыланбаған мәліметтерге қарағанда, бүгін 50 шақты адам ұсталған. Наразылық акциясына шамамен осыншама адам қатысты, олардың бәрі кешелі бері осы маңда жүрді.

Бұның алдында белсенділер басып алған ғимарат орналасқан еревандық Эребуни ауданында наразы топ полициямен қақтығысып қалған еді. Шеруге шыққандар полиция қоршауын таспен атқылады. Полиция наразы топты тарату үшін естен тандыратын бомба, жас ағызатын газ және түтін шашкаларын қолданды. Түн жарымына қарай полиция ауданға бақылау орнатты. Арменияның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қақтығыстан 45-тен астам адам зардап шекті, соның 25-і полиция қызметкері, кем дегенде 18 адам ауруханаға жеткізілді.

17 шілде күні таңертең «Құрылтайшы парламент» оппозициялық партиясының үйлестірушісі Жирайр Сефилянның қарулы жақтастары Еревандағы күзет штабының ғимаратына кіріп, полицияның бірнеше қызметкерін кепілге алды. Шабуыл барысында полк командирінің орынбасары Артур Ваноян қаза тапты, төрт полиция қызметкері жараланды. Шабуылдаушылар Сефилянды босатуды талап етті. Оппозициялық саясаткер екі айдан бері қамауда отыр. Оған мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалды деген айып тағылды. Бірақ Сефилянның жақтастары оны саяси тұтқын деп есептейді. Дүйсенбі және сейсенбі күндері жүргізілген келіссөздер нәтижесінде кепілдегі бірнеше адам босатылды.

XS
SM
MD
LG