Ссылки доступа

Өзбекстанда мүгедек арнайы қызмет ғимараты маңында өзін өртеп жіберді


Сұрқандария облысының 42 жастағы тұрғыны Шербой Райымов ауыр халде ауруханада жатыр. Ол бірнеше күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шерабад аудандық бөлімінің ғимаратына қарама-қарсы жерде өзін өртеп жіберді. Жергілікті полиция ер кісінің жүйке-психикасы дұрыс емес деп отыр.

Дәрігерлердің мәліметі бойынша, науқас денесінің 65 пайызын күйік шалған. Аудандық прокуратура «кісі өліміне дейін жеткізу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Райымовтың туыстарының айтуынша, өткен жұма күні кешке ол інісінің көлігімен «Қорған» махалласына қайтып келе жатып, Шерабад көпірі маңынан түсіп қалған. Жолда ол бір литр жанармай сатып алып, ҰҚҚ бөлімі ғимаратына жақын маңда өзін өртеген.

Туыстары Шербойдың мамыр айынан бері «мазасыз» күй кешіп келгенін айтты.

«Ол бала күннен бері екінші топтағы мүгедек. Көзі нашар көреді. Үш баланы мүгедектік үшін төленетін зейнетақымен асырап келген. Әйелі Термез көшесі бойында су мен шемішке сатады. Шербой мамырдан бері далаға шығуға қорқып жүрді. «ҰҚҚ қызметкерлері менің артымнан түсіп алды, олар біздің ақшамызды тартып алғылары келеді» дейтін. Бірақ ол нақты кім артынан түскенін, табысын не үшін тартып алғысы келетіндерін бізге айтпайтын», - деді Шербойдың туысқаны.

XS
SM
MD
LG