Ссылки доступа

Душанбеде бала ұрлаушылар ұсталды


Тәжікстанның құқық қорғау органдары Душанбеде соңғы бірнеше жылдан бері бала ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады. Тәжікстанның ішкі істер министрлігінің дереккөзі ақпаратты растап, қылмыстық топтың үш мүшесі 20 шілде күні 7 жастағы қызды ұрламақ болған кезде қолға түскенін айтады.

Ақпарат көзінің мәліметінше, оқиға «Садбарг» сауда орталығында орын алған. Дәл осы жерде бұрын апалы-сіңлілі Араловалар ұрланған, кейін 5 жастағы Осия да жоғалып кеткен. Сабина мен Малика Араловалар аталған ауданда 2013 жылдың наурыз айында жоғалып кеткен. Ал 5 жастағы Осия (Сабохат) Диловарованың денесі кейін Гиссарда табылған.

7 жастағы Ф.Б. жоғалып кеткеннен кейін, 20 минөттен соң, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің көмегімен табылды. Оны апалы-сіңлілі Араловалар тұрған үйдің маңынан алып кетпек болған.

Кәмелетке толмаған балаларды ұрлауды ұйымдастырушы 48 жастағы Душанбе қаласының тұрғыны Матлуба Ахмедова болып шыққан. Бұл әйел «Садбарг» ауданы маңындағы қонақ үйлердің бірінде бөлме жалдап, массаж қызметін көрсетіп келген.

Тергеу ісінде көрсетілгендей, қылмыстық топ Душанбе қаласының Зарафшон ықшам ауданында пәтер жалдаған. Ф.Б. -ны сол жерге алып бармақ болған. Пәтерді тінту кезінде операциялық құрал-жабдықтар, шприцтер, ауырсынуды басатын дәрілер мен балалар киімі табылған. 7 жастағы қызды ұрламақ болған көліктің ішінде алдын-ала дайындалып қойған ерітінді құйылған шприц табылған. Бүлдіршіннің анасы Фарангис Бадалова Озоди радиосына берген сұхбатында Матлуба Ахмедованы танитынын, онымен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтты.

Құқық қорғау органдарының ақпараты бойынша, Матлуба Ахмедова мен оның екі сыбайласына Қылмыстық кодекстің 130-бабы, адам ұрлау ісі бойынша айып тағылған. Қылмысты ұйымдастырушы әйелдің екі сыбайласының бірі Гиёсов Кара-Боло ауруханасында дәрігер болып қызмет еткен, екіншісі такси жүргізушісі болған.

XS
SM
MD
LG