Ссылки доступа

Тәжікстанда тұрғындардың банктерге сенімі төмендеді


Ұлттық банк басшылығы «Тоджиксодиротбанкегі» қаржы қиыншылығы салдарынан мекемеде жалақы мен салымшылар қаражатын төлеу қиындаған соң, халықтың елдегі банк жүйесіне сенімі елеулі түрде азайғандығын мәлімдеді.

Ұлттық банк төрағасы Жамшед Нұрмұхаммадзоданың мәлімдеуінше, «Тоджиксодиротбанк» пен «Тоджпромбанкте» қаржы жағдайын уақытша басқару енгізілген соң ғана жағдай біршама түзеліп, 12 мың салымшының қаражаты төленген. «Тоджиксодиротбанкке» 45 миллион сомони көлемінде қарыз қайтарылды, 115 миллион сомони көлеміндегі салымды қайтару мерзімі ұзартылды. Шамамен 17 миллион сомони «Тоджпромбанкке» қайтарылды.

Нұрмұхаммадзоданың пікірінше, екі банкте уақытша басқару жүйесін енгізу аталған қаржы мекемелерін банкроттан сақтап қалды. «Бұл банктердің басшылығы дұрыс жұмыс істесе, мұндай қиыншылық болмас еді. Уақытша басқару мерзімі 18 тамызда аяқталады, қажет болған жағдайда - мерзім ұзартылады», - деді ол.

Бұған қоса, Ұлттық банк төрағасы «Агроинвестбанк» банкротқа ұшырапты дегенді естімегенін айтып, оны «алып-қашпа әңгімеге» балады.

XS
SM
MD
LG