Ссылки доступа

Түркіменстанда Орталық банк кәсіпорындар мен ұйымдарға валюта конвертациялауды тоқтатты


Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, 25 шілдеде елдің Орталық банкі кәсіпорындар мен түрлі ұйымдар үшін валюта конвертациялау ісін толықтай жауып тастады. Енді ел президенті ғана кәсіпорындарға, оның өзінде тек қана мемлекеттік жобалар аясында, ұлттық валютаны конвертациялауға арнайы қаулысымен рұқсат береді.

Дайын тауарларды немесе олардың бөлшектерін, соның ішінде тамақ өнімдері және өнеркәсіп тауарларын импорттаумен айналысатын жекеменшік кәсіпорындар енді шетелдегі әріптестеріне ақша төлей алмайтын болды. Осы тәріздес шектеулер өткен жылдың қазан айында енгізіле бастаған, бірақ ол шектеулер тамақ өнімдері мен өнеркәсіп тауарларына таралмаған еді.

Үкіметтің қаржы блогындағы дереккөздің мәліметі бойынша, отандық кәсіпорындардың бірнешеуінің есебінде ғана шетелдің валюта жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер мұндай шектеулер уақытша ғана болар деп үміттенеді, әйтпесе саудагерлерге тауарды шетелден сөмкелеп тасуына тура келеді.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Түркіменстан «сыртқы экономикалық дағдарыстардан қатты зардап шекті». Сарапшылардың топшылауынша, соған байланысты Түркіменстан манатты девальвациялап, инвестиция мен субсидияларға шығынды азайтты, салықты өсірді, банк саласын бақылауды күшейтті.

XS
SM
MD
LG