Ссылки доступа

Сейітқазы Матаевты үйқамақта ұстау мерзімін екі айға ұзартты


​Астананың Есіл аудандық соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың үйқамақта отыру мерзімін 22 қыркүйекке дейін ұзартты.

Астана қалалық соты баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, сот Сейітқазы Матаевты үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулыны 27 шілдеде шығарған. Сот сонымен бірге үйқамақта отырған оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың да үйқамақта отыру мерзімін 28 қыркүйекке дейін ұзартқан.

Кеше Есіл аудандық соты Сейітқазы Матаевқа қатысты қылмыстық істі өндіріске қабылдап, алдын ала сот тыңдауын 3 тамыз күні сағат 10-ға белгілеген.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.

Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды" деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

ҚазТАГ агенттігінің ақпараты бойынша, арасында ВВС, «Неміс толқыны», РБК, «Россия-24», France Press және өзгелері бар шетелдік бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Сейітқазы Матаевтың ісі бойынша өтетін сотқа қатысуға ниет білдірген.

XS
SM
MD
LG