Ссылки доступа

Тәжікстанда ресейлік әскер қызметкерінің өліміне қатысы бар делінген күдіктіні ұстады


Қорғантөбе қаласындағы Хатлон махалласының тұрғыны ресейлік 201-ші әскери базасының қызметкерін өлтірген деген күдіктен ұсталды. Күдіктінің аты-жөні жарияланбады.

Орталық әскери округтың баспасөз хатшысы Ярослав Рощупкиннің Озоди Радиосына хабарлауынша, кісі өлімін алдын ала тергеу бұл қылмыстың "тұрмыстық сипатқа ие" екенін анықтады. Оның айтуынша, "ерегістің соңы кісі өліміне әкеп соқтырған".

Қайтыс болған ресейліктің аты-жөні және Тәжікстандағы әскери қызмет мерзімі жарияланбайды, бар болғаны марқұмның қатардағы әскер қызметкері екені айтылды. Жергілікті ақпарат агенттігінің құқыққорғау органдарындағы дереккөзге сүйене отырып хабарлауынша, қайтыс болған кісі - 40 жастағы аға сержант Алексей Буенков.

Қылмыс куәгерлері - "Карина" мейрамханасы күтушілерінің айтуларынша, әскер қызметкері сол кеште жұбайымен және достарымен бірге отырған, кейін олар Ахлиддин есімді бір жас жігітпен ерегісіп қалған. Куәгерлердің айтуларынша, ол пышақ пайдаланған. Мейрамхана қызметкерлері ерегістің неден туындағанын түсініп үлгермеген.

XS
SM
MD
LG