Ссылки доступа

Тәжікстанда тегін инсулин қоры бітіп қалды


Тәжікстан Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қоймасында қант диабетімен ауыратындарға қажетті тегін инсулин қоры бітіп қалды. Мемлекеттік бюджетті әзірлеушілердің "олқылығы" салдарынан 34 мың науқастың өміріне қауіп төніп тұр.

2016 жылға арналған мемлекеттік бюджетті дайындау кезінде диабетпен ауыратындарға тегін берілетін инсулинді сатып алуға жеткіліксіз қаражат бөлінген. Халықаралық ұйымдар да Тәжікстанға тегін инсулин жеткізу бағдарламаларын тоқтатты. Министрліктегілер жасы үлкендерге тегін инсулин баяғыда бітіп қалғанын мойындады, ал балаларға арналған дәрі тамыздың аяғына дейін әрең жетуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Навруз Жафаров Азаттық радиосына мемлекеттік билік органдарынан жергілікті бюджеттен инсулин алуға қаражат іздестіруін сұраған.

Хатлон облысының тұрғыны Дустмурол Махмадов отбасы табысының 90 пайыздан астамы дәрі-дәрмек алуға кететінін айтты. Оның зайыбы қант диабетімен ауырады. "Айына инсулин және басқа да дәрі сатып алуға 1 мың сомони жұмсаймыз. Алты жылдан бері емделіп жатырмыз, бірақ ешқашан тегін дәрі алып көрмедік", - деді ол.

Елде қант диабетімен ауыратын 34 мың науқас бар, олардың үш мыңы инсулин сатып алуға шамасы жетпейтін аз қамтылған отбасыларда тұрады.

XS
SM
MD
LG