Ссылки доступа

Тәжікстанда пальма майын әкелуге және пайдалануға тыйым салынды


"Тәжікстандарт" агенттігі елдегі кондитерлік кәсіпорындарға пальма майын әкелуге және оны өндірісте пайдалануға тыйым салды. Пальма майы Тәжікстанға негізінен Малайзиядан, Ираннан, Пакістаннан әкелінеді. Майдың бұл түрін әдетте кондитерлік және сүт өнімдерінің өндірісіне пайдаланады.

Агенттіктің баспасөз қызметінің басшысы Мурод Ашуровтың Азаттық радиосына хабарлауынша, тәжік кәсіпкерлері құны арзан пальма майының техникалық сортын елге көптеп әкеліп жүр, бірақ майдың бұл түрін тамаққа қосау - адам денсаулығына зиян.

"Адам денесінің температурасы - 35-36 градус, бірақ бұл май мұндай температурада ағзада қорытылмай қалады. Бізде пальма майын мақта майымен араластырып, оны кондитерлік өнімдерге қосады. Қазір біз соған тыйым салдық, ал кәсіпкерлерге майлардың адамға зиянсыз сорттарын алуды ұсындық", - деді Ашуров.

Бұған дейін "Тәжікстандарт" елге Иранның жұмыртқасын, етін, тауық терісін және құрғақ шайын әкелуге тыйым салған еді. Ирандық өнімдерге тыйым екі ел арасындағы қарым-қатынасқа сызат түскенде қабылдана бастаған. Оған Тегеранның заңмен тыйым салынған ислам өркендеуі партиясының төрағасын шақыруы түрткі болған еді.

Бірақ агенттіктегілер түрлі өнімдерге салынған тыйымның саяси астары жоқ деп отыр. Ашуровтың пікірінше, Тәжікстан ДСҰ-ға мүше болып кірген соң, елде тауар сапасына қойылған талап барынша күшейтілді.

XS
SM
MD
LG