Ссылки доступа

Түркіменстан Ауғанстанға темір жол салып жатыр


Түркіменстан-Ауғанстан-Тәжікстан теміржол құрылысы аймақ елдері арасында сауда байланысын жандандыруды көздейді, делінген түркімен үкіметінің хабарламасында. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

Жобаның алғашқы кезеңі құрылыстың екі бөлігін қамтиды: Түркіменстан аумағындағы 85 шақырымдық Атамырат-Имамназар желісі және 38 шақырымдық желі Имамназардан басталып Ауғанстан аумағындағы Андхой бекетіне дейін созылып жатыр.

"Қазір теміржол Имамназарға дейін төселді. Желіге электр жеткізу, Гүлістан және Имамназар бекеттерінің инфрақұрылым құрылысы қатар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.

Магистралдың бұл бөлігі елдің шығыс аймақтарын дамытуға зор үлес қосады. Мұнда қазір ірі индустриалдық орталықтар құрыла бастады.

"Ауғанстандағы бірқатар бірлескен жобалар ауған экономикасының дамуына, маңызды әлеуметтік мәселелердің шешілуіне сеп болады", - деп жазды БАҚ.

XS
SM
MD
LG