Ссылки доступа

Дереккөз: Зарафо Рахмони рақымшылықпен бостандыққа шығады


Тәжікстан әділет минстрлігіндегі дереккөздің Азаттыққа хабарлауынша, тыйым салынған Ислам өркендеу партиясының мүшесі Зарафо Рахмони, рақымшылық туралы заң қабылданған жағдайда, бостандыққа шығады.

Тәжікстан президенті рақымшылық туралы заң жобасын 17 тамызда парламентке ұсынды. Құжат Тәжікстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қабылданады. Ол бойынша елде 12 мың адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін.

Зарафо Рахмони екі жылға жалпы режимдегі колонияға сотталған еді. Бұған қоса, оның кәмелет жасқа толмаған төрт баласы бар, сол себепті ол рақымшылық туралы заңға сәйкес бостандыққа шығуы керек, деді дереккөз.

Тыйым салынған Ислам өркендеу партиясы жетекшісінің құқықтық мәселелер бойынша көмекшісі болып істеген Рахмони өткен жылы ұсталды. Билік оны және ұйымның тағы 13 мүшесін өткен жылы қыркүйекте елде бүлік ұйымдастыруға талпынды деп айыптады.

Биыл маусым айында Ислам өркендеу партиясының қолға түскен басшылары ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айрылды. Зарафо Рахмони - cотталған ұйым мүшелері арасындағы жалғыз әйел.

XS
SM
MD
LG