Ссылки доступа

Ресей аумағынан шығарылатын еңбек мигранттары аштық жариялады


Ресейдің теңіз жағалауы аймағындағы Артем қаласында бір топ еңбек мигранты төрт күндік аштық жариялады. Олар депортация уақытының бірнеше айға созылып кеткеніне наразылықтарын осылай білдірді, деп хабарлады "Интерфакс—Қазақстан" ақпарат агенттігі.

Жергілікті қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) мәліметі бойынша, қалалық уақытша күту орталығында депортация мерзімін жүзден астам адам күтіп қалды, олардың арасында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Украина және Қытай азаматтары бар.

ҚБК төрағасының орынбасары Александр Смышляевтың айтуынша, комиссияға жүзге жуық адамның қолы қойылған ұжымдық хат түскен. Онда 20 адам аштық жариялағаны жазылған. Наразылық акциясы комиссия өкілдері орталыққа барған соң тоқтатылды.

Комиссия өкілінің айтуынша, шетел азаматтары елге қайтарылатын уақытты ұзақ күтіп қалғандарына наразылық білдірген. "Орталықта елден көшіру күнін наурыз айынан бері күтіп жүргендер бар. Соңғы үш айда ешкім үйлеріне қайтарылмаған", - деді Смышляев.

Орталықта ине шаншар жер қалмаған, еңбек мигранттары болса адам төзгісіз жағдайға шағымданды. Мекемеде төсек, дәрі-дәрмек жетіспейді, қызметкерлердің аздығынан, мигранттарды таза ауамен демалуға шығармайды. Смышляевтың айтуынша, 65 адамға шақталған мекемеде қазір 107 адам тұрып жатыр, олардың арасында төрт әйел бар.

XS
SM
MD
LG