Ссылки доступа

Грузияда есірткіні заңдастыруды қолдаушылар жаппай тәртіпсіздік жасады


Грузияның Самтредиа қаласында жексенбіге қараған түні полиция мен марихуананы заңдастыруды қолдаушылар арасында қақтығыс болды. Акцияға қатысушылар полиция автокөліктерін ақ түске бояп тастады.

Грузияның орталық өңіріндегі шағын Самтредиа қалашығының полиция ғимараты маңындағы шеруді жастардың «Ақ қозғалыс» (екінші атауы - «Ақ шу») коммерциялық емес бірлестігі ұйымдастырды. Қозғалыс елде есірткінің жеңіл түрін заңдастыруды жақтайды.

Жастар ұйымының белсенділері Самтредиа қаласында осыдан бірнеше күн бұрын өз-өзіне қол салған 22 жастағы Демур Стуруаның қазасына байланысты наразылық білдірген. Стуруа ақтық сөзін жазып қалдырған хатында өзін полиция қызметкерлерінің бірі құқық органдарына мәлімет жеткізіп тұруға мәжбүрлегенін, оған келісім бермеген жағдайда үстінен қылмыстық іс қозғап, есірткі сақтаған және тұтынған деген айыппен қамаймыз деп қоқан-лоқы жасағанын баяндаған.

Наразылық акциясына қатысушылар Демур Стуруаның есірткіге тәуелді болғанын жоққа шығармайды. Алайда «Ақ қозғалыс» жетекшілері Грузия мемлекетінің есірткіге қатысты тым қатал, тіпті қатыгез саясаты полицияға есірткіге тәуелді адамдарды бопсалап қысым жасауға мүмкіндік туғызып отыр деп санайды.

Шеруге қатысушылар пиротехникалық гранаталар мен түтіндеткіш құтыларын жарып, одан соң полицияның күзет көліктерін ақ түске бояп, «мені өлтірмеңіздер – мен де адаммын» деген жазуы бар плакаттар жапсырған. Грузияның ІІМ-і «өзгенің мүлкін бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция автокөліктерін бояған жастар жазаға тартылуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG