Ссылки доступа

Сөз бостандығын қорғау комитеті журналист Орунбековтің ізіне түсуді тоқтатуын талап етеді


Сөз бостандығын қорғау комитеті журналист Дайырбек Орунбековтің жеке өміріне бақылау жүргізгені үшін милиция қызметкерлерін жауапқа тартуға шақырады. Тиісті үндеуді Бас прокуратура, ІІМ және МҰҚК жетекшілеріне жолдады.

Журналист Орунбековтің жеке өміріне құпия түрде бақылау жүргізілетіні Сөз бостандығын қорғау комитетінің ашу-ызасын туғызып отыр. Олардың айтуынша, журналист түсінік беруден, тергеу мен соттан қашып жүрген жоқ, шақыруларына өз уақытында барады. Мұнан бөлек журналистке қатысты қозғалған қылмыстық іс сот шешімінің орындалмауына байланысты. Бұл үшін құпия түрде бақылау жүргізу міндетті емес дейді.

Осының алдында журналист Дайырбек Орунбеков өзіне психологиялық қысым болып жатқанын мәлімдеген. Оның сөздерінше, құқыққорғау органдарының қызметкерлері басқан ізін аңдып жүр.

Еске сала кетейік, Орунбековке қарсы Бас прокуратура ел президентінің абыройын қорғау үшін сотқа берген. Шағымда журналист өзінің мақаласында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен Уақытша үкіметтің мүшелерінің іс әрекеті 2010 жылғы маусым оқиғасына себепші болды дегені жазылған.

Сот журналистке президенттің абыройына нұқсан келтірді деп екі миллион сом көлемінде моральдық айыппұл төлеуді талап етті. Үстіміздегі жылдың тамыз айының басында Дайырбек Орунбековке қатысты сот шешімін орындамады деген айыппен тағы да қылмыстық іс қозғалды. Оған сонымен бірге Бішкекті тастап кетуге тыйым салынды.

XS
SM
MD
LG