Ссылки доступа

Германия, Франция және Италия басшылары Еуроодақ мәселелерін талқылады


Германия, Франция және Италия басшылары 22 тамызда Неаполь маңындағы Вентотене аралында бас қосты. Ангела Меркель, Франсуа Олланд және Маттео Ренци ЕО елдерінде белең алған "евроскептицизм" мәселесін, көші-қон саясаты және экономикалық қиындықтарды сөз етті.

Үш елдің басшысы журналистермен италиялық «Дзузеппе Гарибальди» ұшақ тасығыш кемесінде кездесті. Жиында Франсуа Олланд Еуропа ұлтшылдыққа қарсы "біріккен майдан" құрып күресу керек деген ұсынысын айтты.

Маттео Ренци құрамынан Ұлыбритания шыққанан кейінгі Еуропа Одағының болашағы туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, одақ елдері қорғаныс, қауіпсіздік және экономикалық өсімге көңіл бөліп, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға тырысуы керек.

Үш басшының кездесуі Вентотене аралында бекер өткізіліп отырған жоқ. Италиялық зияткерлер Альтьери Спинелли мен Эрнесто Россиді осы аралға Екінші дүнижүзілік соғыс кезінде диктатор Беннито Муссолини жер аударған. Бұл екеуі Вентотене Манифесті деген атаумен белгілі құжаттың авторы атанды.

Оның мәтіні италиялық антифашистік қозғалыс мүшелері арасында кеңінен таралып, кейін Федеративтік Европа қозғалысының бағдарламасына айналды. Манифест авторлары еуропалық елдерді әскери жанжалдарды болдырмас үшін, федерацияға бірігуге шақырған.

XS
SM
MD
LG