Ссылки доступа

Ақтөбедегі қару дүкендері қатаң бақыланбақ


Ақтөбеде қару-жарақ сататын дүкендердің жұмысын жүйелі түрде қадағалайтын арнайы топ құрылады. Құрамына прокурорлар мен полиция, өзге де құзыретті орган өкілдері енетін бұл топқа қару-жарақ дүкендері мен жеке күзет мекемелерінің жұмысын тексеріп, ондағы олқылықтарды сол бойда шешу жүктелді.

Бұл туралы Азаттыққа 23 тамызда облыстық әкімдік хабарлады.

23 тамызда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

- Прокурорлық тексеру кезінде анықталған барлық кемшіліктер жылдам жойылуы тиіс. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін керек. Біз қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық резервтер мен мүмкіндіктерді пайдаланамыз, - деп мәлімдеді.

Сапарбаев қатысқан әкімдіктегі жиында қару-жарақ дүкендері мен жеке күзет мекемелеріне екі ай шектеулі мерзім берілгендігі де айтылды. Олар осы аралықта қауіпсіздік бойынша жұмыстарын бір жүйеге келтіріп үлгеруі тиіс.

27 шілде күні Ақтөбе облыстық прокуратурасында өткен брифингте №1 басқарма бастығы Мұратбек Мырзамұратов маусымдағы "радикалдардың қарулы шабуылынан" соң қару-жарақ сататын "Паллада" дүкені иесінің үстінен "қаруды дұрыс сақтамады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын айтқан болатын. "Радикалдар тонаған" және бір "Пантера" атты дүкеннің иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (бір айлық есептік көрсеткіш - 2121 теңге) айыппұл салынған.

Биыл 5 маусымда Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан еді. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың "радикалдық діни топ өкілдері" болғанын және олардың "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG