Ссылки доступа

Матаевтың адвокаттары оның 29 тамызда сотта болатынына күмән келтіреді


Қазақстанның Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсеттің адвокаттары кеше ғана сот залынан қысымы жоғарылап жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген қорғалушыларының 29 тамызда болатын келесі сот отырысына дайындалып үлгереді дегенге күмән келтіреді.

Адвокаттарының сөздерінше, Матаев бес күн бойында қарқынды түрде ем алады, осыдан кейін барып оны жалпы палатаға шығару мәселесі шешіледі. Астанада өткен баспасөз мәслихатында адвокат Мадина Бакиева келесі сот отырысына дейін аз уақыт қалғанын, ал бұл уақытта дейін Сейітқазы Матаев ауруханадан шыққанның өзінде құқығын қорғау үшін процеске дайындалып үлгере алмайды дейді.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғайтын ұйымның президенті Тамара Калеева Сейітқазы Матаевтың денсаулығын қорғау құқығы бұзылғанын айтады. «Таңертеңнен тергеушілер оны сотқа әкелуге тырысты, дәрігерлерді де сотқа әкелуге үгіттеді. Дәрігерлер оны әзірге төсектен тұруға болмайтынын, күнделікті емге мұқтаж деген шешімге келіп отыр», — дейді ол.

Сейітқазы Матаев 24 ақпанда мемлекет ақшасын жымқырды, салық төлеуден қашты деген күдікпен үй қамаққа алынды. 28 наурызды оның ұлы — КазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаев та үй қамаққа алынды. Әкелі-балалы өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды. Мамыр айында Журналистер одағы төрағасына қатысты іс қызмет бабын пайдаланып сенімге қиянат етті деген бапқа ауыстырылды. Дәл осындай шешім оның ұлы Әсет Матаевқа да қатысты шығарылды.

XS
SM
MD
LG