Ссылки доступа

Тәжікстанда Ислам партиясы жетекшісінің адвокаты мемлекеттік құпияны жариялады деп қамауға алынды


Тәжікстанда қызметіне тыйым салынған Исламның өркендеуі партиясының төраға орынбасарының адвокаты болған Жамшед Ёровты қамауға алды деп хабарлайды оның туыстары.

Адвокаттың әпкесі Хосият Ёрова Озоди радиосына (Азаттықтың тәжік қызметі) 22 тамызда інісінің жоғалып кеткенін айтады. Бірақ бауыры келесі күні телефон соғып, Бас прокуратурада екенін, өзін уақытша тергеу абақтысына әкеткелі жатқанын айтқан.

Хосият Ёрованың сөздерінше, Жамшед Бас прокуратура өзін үшінші адамға Жоғарғы соттың Исламның өркендеуі партиясы жетекшілеріне қатысты үкімін бергені үшін айыптап отыр деген. Бұл сот отырысы жабық өткен болатын. Алайда Бас прокуратура бұл мәселеге түсініктеме бермеді.

Адвокат сонымен бірге әпкесі Хосият Ёроваға өзіне Қылмыстық кодекстің 311-бабына қатысты (Мемлекеттік құпияны жариялау) қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Ерованың сөзінше, інісі Жамшед Исламның өркендеуі партиясының 13 жетекшісіне қатысты сот ісінде тек ғана Махмадали Хаитты ғана қорғаған. Әрі оның қолында үкімнің көшірмесі болмаған.

Жамшед елінде ұлт араздықты қоздырды, Конституцияны күштеп өзгертуге шақырды, діни алауыздық туғызды деп айыпталып жатқан өзге адвокат Бузургмехр Ёровтың бауыры. Бузургмехр Ёровқа қатысты сот ісі әлі аяқталмады.

XS
SM
MD
LG