Ссылки доступа

Мәскеуде кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған өзбекстандық бала күтушіні қамауда ұстау мерзімін ұзартты


Мәскеулік сот кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған Өзбекстан азаматы Гүлчехра Бобокулованы қамауда ұстау мерзімін 29 қазанға дейін созды.

Сот тергеуші өтінішін қанағаттандырып, Бобокулованы қамауда ұстау мерзімін тағы да созды, деп хабарлады соттың баспасөз хатшысы Анастасия Пылинаға сілтеме жасаған ресейлік БАҚ.

Бобокулованы бұған дейін "Бутырка" тергеу абақтысының психиатриялық бөлімшесіне ауыстырған. 24 наурызда күдіктіні Сербский атындағы институтқа психиатриялық сараптамадан өткізу үшін апарды. Бобокуловаға абақтыда қатаң бақылау орнатылған.

Гүлчехра Бобокулова 29 ақпанда Мәскеудің "Октябрьское Поле" метро станциясының маңында ұсталды. Ол баланың кесілген басын ұстап тұрды. Куәгерлердің айтуларынша, әйел өзін жарып жіберетінін айтып, "Аллаху Акбар" деп айқайлаған. Кейін күдіктінің төрт жастағы қыздың күтушісі екені анықталды. Тергеу мәліметі бойынша, ол ата-аналарының жұмысқа кетуін күтіп, баланы өлтіріп қана қоймай, пәтерді өртеп жіберген. Оған кісі өлтіру қылмысы бойынша айып тағылды.

Бобокулова кінәсін мойындады және Ресей президенті Владимир Путиннің Сирияны бомбалауынан кек алу үшін осындай әрекетке барғанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG