Ссылки доступа

Қазақстанда Ми-8 тікұшағының апатқа ұшырауын тергей бастады


Қазақстанның бас көлік прокуратурасы "ҚазТранОйл" компаниясының жұмысшылары мінген тікұшақтың апатқа ұшырауына байланысты тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

Жезқазған полициясында "Әуе көлігін пайдалану ережесін бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды; инвестициялар және даму министрлігінде арнайы комиссия құрылды.

Прокуратура ақпараты бойынша, "Евро-Азия Эйр" әуе компаниясының Ми-8Т тікұшағы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында сағат 15:50-де енді ұша бергенде құлап түскен.

Бас көлік прокуратурасының мәліметі бойынша, құлаған ұшақ өртене бастаған, бортында экипаждың үш мүшесі және 19 жолаушы - "ҚазТрансОйл" компаниясының жұмысшылары болған. Төтенше оқиғадан соң компанияның төрт жұмысшысы түрлі жарақаттармен Қызылорда қаласындағы ауруханаға жеткізілді.

Тікұшақ "ҚазТрансОйлдың" Шығыс филиалына қарасты Жезқазған мұнай құбыры басқармасының жұмысшыларын жеткізу үшін рейске шыққан. Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша, әуе көлігінің ұшуға жарамдылығы туралы куәлігі бар, экипаж - авиация қызметкері куәлігіне ие.

XS
SM
MD
LG