Ссылки доступа

Бүгін Қырғызстанда ТМД саммиті басталды


Бүгін Бішкекте ТМД елдері мемлекет басшыларының 25-ші мерейтойлық саммиті басталды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қырғызстан бұл шараға екі жыл бойы дайындалып, бюджеттен 18 миллион сом (шамамен 260 мың АҚШ доллары) жұмсаған. «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында делегацияларды қабылдау үшін киіз үйлерге ұқсас қабылдау үйлері салынған.

Мерейтойлы шараға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің президенттері қатысады. Молдовадан премьер-министр, Түркіменстаннан елдің вице-премьері, Өзбекстаннан сыртқы істер министрі, ал Украинадан Қырғызстандағы елшісі келген.

Саммитке қатысушылар ТМД кеңістігіндегі экономикалық, құқық қорғау және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды. Күн тәртібінде 15 мәселе қаралады екен. Олардың ішінде 2017-2019 жылдар аралығында терроризмге қарсы күрес тақырыбы да талқыланады.

Қырғызстан президент әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Сапар Исаков ең алдымен лидерлердің жеке кездесулері өтетінін, сосын барып кеңейтілген отырыс болатынын хабарлады.

ТАСС агенттігі Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөздеріне сілтеме жасап, Владимир Путин Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевқа 60 жасқа толуына орай «бірнеше сыйлықтар» жасайтын ниеті бар екенін жазады.

XS
SM
MD
LG