Ссылки доступа

Алдын ала сайлау нәтижесі бойынша Мемлекеттік думаға 6 партия өтеді


Ресей Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметі бойынша, өңделген 90 пайыз сайлау бюллетендерінің қорытындысы «Единая Россия» партиясының алда келе жатқанын көрсетеді. Билік партиясына сайлаушылардың 54 пайыздан астамы дауыс берген. Бірмандатты округ бойынша да билік партиясының өкілдері көп дауыс алған: 225 округтен 203-і билік партиясы өкілі думаға өткен.

Сонымен бірге Ресейдің Коммунистік партиясы (КПРФ) (13,5 пайыз), Ресейдің либеральды-демократиялық партиясы (13,3 пайыз) және «Справедливая Россия» алты пайыздан астам дауыс алып Мемлекеттік думаға өткен. Бірмандатты округ бойынша Мемлекеттік думаға екі партия: «Родина» және «Гражданская платформа» партиясы өкілдері өткен.

Қалған партиялар межеден өтпеген. Ресейдің оппозициялық «Яблоко» партиясы екі пайызға жуық дауыс алған. Халық азаттығы (ПАРНАС) партиясы 0,7 пайыз алған. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлауға қатысу көрсеткіші - 50 пайыз.

ПАРНАС лидері Михаил Касьянов сайлау нәтижесіне көңілі қалғанын айтып, билік сайлауды алдын-ала жоспарланған сценарий бойынша баламасыз етті дейді. «Сайлау барысындағы заң бұзушылықтар биліктің таза және еркін сайлаудан қорқатынын көрсетеді», - деп атап өтті Касьянов.

Тәуелсіз бақылаушылар 18 қыркүйекте болған дауыс беру барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтаған. Көптеген хабарламалар бір адамның бір уыс бюллетеньді жәшікке лақтыруы, бақылаушылар құқығының бұзылуы және «карусель» аталып кеткен адамдарды автобусқа мінгізіп, бірнеше сайлау учаскелеріне дауыс бергізу фактілеріне қатысты болған.

XS
SM
MD
LG