Ссылки доступа

Назарбаева полиция қызметкерлерінің құқығын арттыруға шақырды


Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі сенат комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева полиция құзыретін арттыру қажет деп мәлімдеді. Бұл ұсынысын ол Астанада экстремизм және терроризммен күрес тақырыбына арналған форумда айтты.

"Полиция мәртебесінің өзін қайта қарау керек деп ойлаймын. Төтенше жағдайлар кезінде белсенді әрекет ету үшін, олардың құзыретін арттыру қажет. Алматыда қайтыс болған полиция қызметкерлері тиісті нұсқаулардың барлығын орындаған, бірақ өмірлерін сақтап қала алмады", - деді Назарбаева. Комитет төрайымы 18 шілдеде Алматыда полиция ғимараты мен ҰҚК департаментіне жасалған шабуыл кезінде қайтыс болған полиция қызметкерлерін еске салып өтті.

Назарбаеваның айтуынша, елдегі білім беру, мектептегі тәрбие, мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік қызметтерді айта қарау қажет. Ол қоғамдық тәртіпті сақтайтын еріктілер қозғалысын қайта жаңғырту керек деп есептейді.

Биыл маусымда Ақтөбе қаласында қарулы топ екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдады. Билік Ақтөбе мен Алматыдағы шабуылдарды теракт деп атады. Жаздан бері елде террорлық қауіптіліктің "сары" деңгейі жұмыс істеп тұр.

XS
SM
MD
LG