Ссылки доступа

Путин Сыртқы барлау қызметі басшылығына Нарышкинді тағайындады


Ресей президенті Владимир Путин парламенттің бұрынғы спикері Сергей Нарышкинді Сыртқы барлау қызметінің басшысы етіп тағайындады.

Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша, Путин Нарышкинмен кездесуде осындай ұсыныс жасаған, ол келісімін берген. Бұл кездесуге осы қызметтің қазіргі басшысы Михаил Фрадков та қатысқан.

"Біздің жағдайымыз қандай екенін өздеріңіз жақсы білесіздер, сол себепті еліміздің тұрақтылығы мен дамуына осы қызметтің сәтті жұмыс істегені ауадай қажет", - деген Путин бұл кездесуде.

61 жастағы Нарышкин - Путиннің бұрыннан бергі серіктесі, екеуі де Санкт-Петербургте өскен. Бірқатар баспасөздің хабарлауынша, депутаттық мансапқа дейін ол ҰҚК-нің шетелдегі қызметкері болып істеген.

1980 жылдары Нарышкин КСРО-ның Брюссельдегі елшілігінде істеді. Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Фрадков сыртқы барлау қызметін 2007 жылдан бері басқарып келді. Хабарларға қарағанда, ол "Ресей темір жолы" директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне отырады.

XS
SM
MD
LG