Ссылки доступа

Қытай тәжік-ауған шекарасынан төрт бекет салады


Тәжікстан үкіметі қытайдың тәжік-ауған шекарасынан төрт бекет және әскери оқу орталығын салатын жаңа келісімнің жобасын бекітті. Қытай тарабы бұл нысандарды грант есебінен салуға уәде берді.

Қытай сонымен бірге тәжік шекарашылары үшін әкімшілік және қызмет ғимаратын, тұрғын үй, жаттығу алаңдарын және басқа қосымша нысандар салады. Келісімге сәйкес, құрылыс жұмысына қытай өздерінің инженерлерін тартады.

Өз кезегінде Тәжікстан құрылыс жұмысына жер бөліп, шекарада қытай мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қытайлықтар құрылысқа байланысты барлық салықтар мен төлемдерден босатылатын болады.

Қазіргі уақытта Қытай – Тәжікстан экономикасындағы басты инвесторлардың бірі. Душанбенің Бейжің алдындағы қарызы 1 млрд АҚШ долларынан асады. Бұл Тәжікстанның сыртқы қарызының тең жартысын құрайды. Бұл несиелердің барлығы негізінен инфрақұрылым, жол және туннельдер салуға жұмсалып жатыр.

Мұнан бөлек Бейжің Душанбеге 2018 жылға дейін Орталық Азия – Қытай газ құбыры желісінің тәжік бөлігіндегі 400 шақырым құрылысына 6 млрд АҚШ долларын беруге уәде етті.

XS
SM
MD
LG