Ссылки доступа

Танымал тәжік адвокаты Бузургмехр Ёров экстремист емеспін деп ақталды


Адвокат Бузургмехр Ёров тыйым салынған Тәжікстан ислам қайта өркендеу партиясын кәсіби парызы үшін қорғағанын соттың кезекті отырысында мәлімдеді.

27 қыркүйекте сотта сөйлеген соңғы сөзінде Ёров тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып, кезінде қолдан жасалған айыптардың салдарынан Шириншо Шотемур және Нусратулло Махсум секілді танымал тұлғалар өлім жазасына кесілгенін атап өтті.

Сот отырысы бұл жолы да жабық өтті. Оған тек сотталушылардың туыстары қатысты, журналистер мен халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ бақылаушылары залға кіре алған жоқ.

"Бузургмехр Тәжікстан ислам қайта өркендеу партиясы мүшелерінің туыстары келгенде, олардың өтініштерінен бас тарта алмағанын айтты. Ол кәсіби парызын аяқ асты еткісі келмеген. Бұған қоса ол экстремист еместігін, бар болғаны адвокат екенін мәлімдеді. Тыйым салынған партия мүшелері кінәлі болса, оған қатысты сот үкімі шықты. Бірақ адвокаттың зардап шеккені түсініксіз", - деді адвокаттың қарындасы Хосият Ёрова.

Оның айтуынша, Бузургмехр сотта әділетті әрі шынайы үкім шығатынына сенбейтінін де мәлімдеген. Мұндай шешім жабық залда, журналистер мен адам құқығын қорғаушыларсыз шығарылатынына өкініш білдірді.

Айыптаушы тарап Душанбе қалалық сотынан екі адвокатты: Бузургмехр Ёровты 25 жылға, ал Нүриддин Махкамовты 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Оларға ұлттық, нәсілшілдік, діни араздық туғызып, конституциялық құрылымды өзгертуге шақырды деген айыптар тағылған.

XS
SM
MD
LG