Ссылки доступа

Банк тонаушы тәжік студенті 11 жылға сотталды


Тәжікстанның Дангара соты «Агроинвестбанктің» аудандық бөлімшесіне шабуыл жасаған тәжік студентін 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Дангара аудандық сотының төрағасы Рахмат Косимзода сотталушы Бехруз Рауфов жаза мерзімін қатаң режимдегі түрмеде өткізсін деді.

Дангара ауданының тумасы Бехруз Рауфов ұсталғанға дейін Қазақстанның жоғары оқу орындарының бірінде II-курс студенті болған.

Аудан әкімі Махмадулло Саидализоданың сөздерінше студент мұндай қылмысқа оқуына ақша төлеу үшін барған. «Бехруз Рауфов Қазақстаннан оралған. Ата-анасынан оқу жылына төлейтін ақша сұраған. Бірақ оларда ақша болмаған. Сосын ол банкті тонауға бел байлаған», - дейді аудан әкімі.

Банктің аудандық бөлімшесін тонау үшін ғимаратқа кірген студент не ақша, не құнды зат таба алмаған. Банктің күзетшісін пышақпен жаралап, оқиға орнынан қашып үлгерген. Осыдан кейін ол өз еркімен әскерге бармақ болған. Бірақ бірнеше күн өткен соң ұсталған.

Бұл оқиға 2016 жылдың сәуір айының аяғында орын алған. Банктің күзетшісі Ахлиддин Курбонов 17 жеріне пышақ салынған жарақаттан ауруханаға түсті.

XS
SM
MD
LG