Ссылки доступа

Журналистерді қорғау комитеті Матаевтарға тағылған айыптарды алып тастауға шақырды


Журналистерді қорғау комитеті 30 қыркүйекте таратқан мәлімдемесінде Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевқа тағылған барлық айыптарды алып тастауын Қазақстан билігінен талап етті, деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі. Халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымның бас кеңсесі Нью-Йорк қаласында орналасқан.

Қазақстанның жемқорлықпен күрес бюросы Сейітқазы Матаевты мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінген 380 миллион теңгені жымқырған, бұған қоса 327 миллион теңге салық төлеуден жалтарған деп айыптады. Әсет Матаевқа да осындай айыптар тағылған. Прокуратура Сейітқазы Матаевты алты жыл және сегіз айға, ал Әсетті алты жылға түрмеге отырғызуын сұрады. Бұған қоса прокуратура олардың мүлкін тәркілеуін соттан сұрады.

Әсет Матаев Журналистерді қорғау комитетіне бұл айыптаулардың барлы "елдегі жағдайды ашық айтқанымыз үшін кек алу мақсатында жасалды, билікте отырған бір кісіге әділ сөз ұнамайды" деп мәлімдеді. Астанадағы сотта соңғы сөз алған Сейітқазы Матаев Қазақстандағы журналистерді, сөз еркіндігін қолдау мақсатындағы кәсіби қызметі үшін қудалауға түскенін айтты.

Журналистерді қорғау жөніндегі комитет таратқан мәлімдеме бойынша, Матаевтардың қудалауға ұшырауы адам құқығын қорғаушы ұйымдарды ғана емес, Еуропалық парламентті де алаңдатып отыр. Биыл наурызда Еуропалық парламент үндеу қабылдап, Қазақстан билігінен елдегі тәуелсіз БАҚ-тарға қысым жасауды тоқтатуын және Матаевтарды қылмыстық іспен қудалауды доғаруын сұрады.

XS
SM
MD
LG