Ссылки доступа

Роман Сущенконы қорғаушылар оны босатуға арыз түсірді


Украиналық журналист Роман Сущенконың қорғаушылары оның қамаудан босатуға шағымданды. Бұл туралы "Интерфакс" агенттігі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. Ресейлік арнайы қызмет украиналық тілшіні тыңшылық жасады деген күдікпен ұстаған.

Адвокат Марк Фейгин сейсенбі күні тергеу абақтысында отырған журналистпен кездесті. Оның айтуынша, Роман Сущенко тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Дүйсенбі күні Фейгин қорғауындағы азаматпен кездесе алмай қайтқан еді. Сол күні оған украиналық консулды да жіберген жоқ.

"Укринформ" агенттігінің тілшісі Роман Сущенконы Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі өткен жұма күні ұстады. 1 қазанда сот оны екі ай қамауда ұстауға үкім етті. Қазір ол "Лефортово" тергеу абақтысында отыр.

Ресейлік арнайы қызмет Сущенконы украиналық барлау қызметкері деп атады. Оған тыңшылық жасады деген күдік келтірілді. Украинаның қорғаныс министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды. Киев Ресейден тез арада Сущенконы босатуды талап етті. "Укринформ" тілшінің ұсталуын "жоспарланған арандатушылық" деп атады.

XS
SM
MD
LG