Ссылки доступа

Amnesty International: Қырғызстан қыздарының құқығын сақтауда алға ілгерілеу байқалады


Халықаралық үкіметтік емес ұйым Қырғызстанның кәмелет жасқа толмағандарды некелестіруге тыйым салатын заң жобасының қабылданғанын құптады. Ұйым сайтында қырғыз қыздарының құқықтарын сақтау мәселесіне қатысты материал жарияланды.

5 қазанда Жогорку Кенеш жасөспірім қыздарды мәжбүрлеп, ерте некелестіруден қорғайтын заң жобасын мақұлдады. Ұйымның хабарлауынша, құжаттың қабылдануына Қырғызстанда әйелдер құқығын қорғау қозғалысының белсенділері үлкен үлес қосты.

Заң президент қабылдаған сәттен бастап күшіне енеді. Құжат кәмелет жасқа толмағандарды некелестіруге қатысқандарды бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Заңның бұл бабының дін өкілдеріне, қалыңдық пен күйеу баланың ата-анасына тікелей қатысы бар.

Amnesty International мәліметі бойынша, кәмелет жасқа толмай жатып некеге тұру – Қырғызстандағы күрделі мәселелердің бірі. Статистика бойынша, Қырғызстанда қыздардың 15 пайызы 18 жасқа дейін тұрмыс құрады, ал 1 пайызы 15 жасқа дейін некелеседі. Зерттеу нәтижелері бойынша, Еуразиядағы 35 елдің ішінде Қырғызстан ерте жаста некелесу көрсеткіштері бойынша бесінші орында тұр.

XS
SM
MD
LG