Ссылки доступа

Сот Әзімжан Асқаровтың ісін бейнетаспаға түсіруге тыйым салды


Сейсенбі күні Қырғызстанның Шу облыстық соты құқық қорғаушы Әзімжан Асқаровтың ісін қарауды жалғастырды. Отырыс басында прокурор судьядан істі бейнетаспаға түсіруге тыйым салуын сұрады.

Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, видеоға түсіру сот отырысына кері әсерін тигізеді. Өткен отырыста кейбір БАҚ сот процесін онлайн көрсеткен болатын. Тараптарды тыңдағаннан кейін судья операторлардан залдан шығуын талап етіп, бейне түсірілімге тыйым салды.

Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілер, куәгерлер және айыпталушылар сұралады. Осыдан кейін жарыссөзге өтеді.

Асқаров Базар-Қорған ауданында құқық қорғаушы болған. 2010 жылғы маусым айындағы оқиғадан кейін жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, милиция қызметкері Мықтыбек Сулаймановтың өліміне қатысты бар деген күдікпен ұсталды. Соттың барлық инстанциялары бойынша ол өмір бойы түрме жазасына кесілген.

2016 жылдың сәуір айында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті Қырғызстан билігінен Асқаровты босатуды талап етті.

XS
SM
MD
LG