Ссылки доступа

Мәдениет министрі абыройын сотта қорғамақшы


Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің атына жасалған айыптауларға қатысты «ар-намысы мен абыройын сотта қорғайды» деп хабарлайды бүгін министрліктің баспасөз қызметі. Онда министр сот шешімі шыққанша кез-келген БАҚ-қа ешқандай түсініктеме бермейтіні айтылған.

9 қазанда интернетте өзін академияда 2011-2015 жылдары оқыдым деген актриса Еңлік Сыдықованың видеосы жарияланған. Сыдықова видеода 2011 жылы сол кезде академия ректоры болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлын оқуға түсуіне көмектесу үшін "әуелі ақша сұрап, кейін жыныстық бопсалады" деп айыптайды.

Видео әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов БАҚ арқылы қызды қорғайтынын білдірген. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы БАҚ арқылы Еңлік Сыдықованың мәлімдемесін "жала жабу" деп атады. Шенеуніктің пікірінше, өзінің абыройын төгуді көздейтін мүдделі адамдар қыз арқылы әрекет жасап жатыр.

Осы аптада бірқатар қазақстандық БАҚ президент оркестрінің бұрынғы сырнайшысының 1990 жылдың аяғында Мұхамедиұлы басқарып тұрғанда "өзін жыныстық бопсалағанын" айтқан мәлімдемесін жариялады.

XS
SM
MD
LG