Ссылки доступа

Шотландия қайтадан референдум өткізуге дайындалуда


Шотландия үкіметі тәуелсіздік туралы жаңа референдум өткізу үшін заң жобасын дайындап жатыр. Бұл жөнінде Шотландия үкімет басшысы Никола Стерджен бейсенбі күні Глазгода өткен Шотландия ұлттық партиясының съезінде мәлімдеді.

Стердженнің сөздерінше, заң жобасы келесі аптада парламентке ұсынылады. «Мен Шотландия халқы тәуелсіздік туралы тағы да ойланып, Ұлыбританияның Еуроодақтан кеткені сияқты таңдау жасайды деген сенімдемін», - деп атап өтті ол.

Осының алдында Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Еуроодақтан шығу туралы ресми өтініш 2017 жылдың наурыз айының соңында жасалынады деп мәлімдеген. Brexit-ке байланысты референдум кезінде Шотландия халқының 62 пайызы Еуроодақтан шығуға қарсы дауыс берген. Бірақ әлеуметтік сұраулар бойынша шотландықтардың көпшілігі Ұлыбритания құрамынан шығу жөнінде қайта референдум өтуін қаламайды.

Ұлыбританияда Еуроодақтан шығу жөнінде референдум 2016 жылдың маусым айында өтті. Оған британдықтардың 72,2 пайызы қатысып, 51,9 пайызы ЕО-дан шығуды қолдап дауыс берсе, 48,1 пайызы қарсы болған.

Өз кезегінде Шотландияда тәуелсіздік алу жөнінде референдум 2014 жылдың қыркүйек айында өтті. Оған сайлаушылардың 84,59 пайызы дауыс беріп, 55,3 пайызы Ұлыбритания құрамынан шығуға қарсы дауыс берсе, 44,7 пайызы тәуелсіздік үшін дауыс берген.

XS
SM
MD
LG