Ссылки доступа

Алишер Усманов Өзбекстанда қайырымдылық қорын ашқысы келеді


Өзбекстаннан шыққан ресейлік миллиардер Алишер Усманов Өзбекстаннан қайырымдылық қорын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде ол «Россия 24» телеканалына берген сұхбатында айтты.

Осыған дейін де бизнесмен Өзбекстаннан ғылымды, өнерді, спортты дамытуға арналған қор ашқысы келетінін мәлімдеген. Бұдан бөлек ол ұсыныс болса, Өзбекстандағы жобаларға инвестиция құюға әзір екенін жеткізген.

«Сені шақырған жерге барсаң жақсы. Өзге инвесторларға қарағанда, мен шақырған жерге барамын. Оған дейін мен қолымнан келген көмегімді бергім келеді. Мәскеуге жасап жатқан секілді қайырымдылық қорын ашқым келеді. Осыған рұқсат сұраймын», – деп атап өтті Усманов.

Бизнесмен жаңа президентпен Өзбекстанның даму болашағына оң баға береді. «Мен өзбек екеніме мақтанатынымды бірнеше рет айтқанмын. Бұл менің жерім екеніне мақтан тұтамын. Өзбекстанға, Өзбекстан билігіне пайдалы істерді жасауға дайынмын», – деді ол.

Алишер Усманов Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың құдасы. Мирзияевтың немере қарындасы Диёра 2009 жылы Усмановтың немере інісі Бабурға тұрмысқа шықты. Екеуінен бір қыз бар. Алайда 2013 жылы Бабур Усманов Ташкентте жол апатынан қаза тапты.

XS
SM
MD
LG