Ссылки доступа

Бішкек түрік БАҚ-тарынан Машрапов туралы ақпаратты жоққа шығаруын талап етті


Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, 1 қаңтарда Стамбулдағы түнгі клубтағы шабуылды қырғыз азаматы жасады деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Комитет мәліметі бойынша, түрік баспасөзінде есімі аталған Яхья Машрапов бұл уақытта Қырғызстанда болған.

Стамбулдағы қырғыз консулдығы қырғыз азаматы Яхья Машраповты "Рейна" түнгі клубындағы шабуылға қатысы бар деп таратқан бірқатар түрік басылымдарынан бұл ақпаратты жоққа шығаруын талап етті. Консулдық қызметкерлері "TRT World", "Йени Шафак" және "Хурриет" ақпарат көздеріне хабарласып, оларды жалған ақпараты үшін кешірім сұрауға шақырған.

Бұған дейін түрік бұқаралық ақпарат құралдары полициядағы дереккөзге сілтеме жасап, шабуылды Өзбекстан немесе Қырғызстан азаматы жасаған деп таратты. Кейін Интернетте Қырғыз азаматы Машраповтың төлқұжатының суреті пайда болды, оны күдікті ретінде таныстырды.

Жаңа жыл түні Стамбулдағы "Рейна" түнгі клубында белгісіз біреу полиция қызметкерін өлтіріп, кейін клубтағыларға оқ атқан. Шабуылдан 39 адам қаза тапты, 69-ы жараланды.

XS
SM
MD
LG